Вамелан инструкция по применению цена в Казахстане

  • русский
  • қазақша

Саудалық атауы

Вамелан

Халықаралық патенттелмеген атауы

Жоқ

Дәрілік түрі

Капсулалар

Құрамы

Бір капсуланың құрамында

белсенді заттар:

125 мг шүйгін қышқылы арқылы (гидроксишүйгін, ацетоксишүйгін және шүйгін қышқылдарының қосындысы ретінде) стандартталған дәрілік құрғақ шүйгін сығындысы,

25 мг гүлшетен қышқылы арқылы стандартталған құрғақ жаужапырақ сығындысы,

25 мг құрғақ бұрыш жалбызы сығындысы.

қосымша заттар: соя лецитині, кокос майы, пальма майы, ара балауызы, тазартылған соя майы

қабық құрамы: желатин, глицерин, титанның қостотығы (Е171), темірдің қара тотығы (Е172), хлорофильді мыс кешені (Е 141), сары хинолин (Е104).

Сипаттамасы

Беткейі тегіс және жылтыр жасыл түсті корпусы мен қақпағы бар, жұмсақ желатинді сопақша пішінді капсулалар.

Капсула ішіндегісі — өзіне тән иісі бар қара-қоңыр түсті қою майлы сұйықтық.

Фармакотерапиялық тобы

Психотропты препараттар. Ұйықтататын және тыныштандыратын дәрілер. Ұйықтататын және тыныштандыратын басқа да препараттар.

АТХ коды N05CM

Фармакологиялық қасиеттері

Фармакокинетикасы

Препараттың әсері оның құрамына кіретін компоненттер әсерлерінің бірігуімен қамтамасыз етіледі, сондықтан кинетикалық бақылау жасау мүмкін емес.

Фармакодинамикасы

Вамелан – тыныштандыратын әсері бар біріктірілген фитопрепарат. Оның құрамына үш компонент – мына дәрілік өсімдіктердің: шүйгін, бұрыш жалбызы және жаужапырақ сығындылары кіреді.

Шүйгін сығындылары тыныштандырғыш қасиетке ие, психикалық шаршауға және неврастенияға тән ашушаңдықты және ширығуды азайтады. Ұйқысыздық кезінде ұйқыны қалпына келтіреді. Спазмолитикалық әсер береді.

Бұрыш жалбызы сығындысы асқазан-ішек жолының тегіс бұлшық еттеріне спазмолитикалық әсер етеді, сондай-ақ өт айдағыш және карминативті әсері бар. Ұйқысыздықтың жеңіл түрінде тиімді.

Жаужапырақтың эфир майлары ауыруды және асқазан-ішек түйілуін кетіреді. Осындай қасиетінің арқасында жаужапырақ шаншуларда спазмолитикалық, ауыруды басатын дәрі ретінде кеңінен қолданылады. Жаужапырақтың эфир майлары неврастенияға шалдыққан науқастарға тыныштандыратын әсер етеді, олардың тәбетін (жиі төмен болатын) арттырады.

Қолданылуы

Тыныштандырғыш дәрі ретінде:

  • жүйке ширығуының жоғарылауында

  • жүйке жүктемесінде

  • ашушаңдықта

  • үрейлі сезімде, жабырқаушылықта

  • ұйқы бұзылғанда, ұйқысыздықта.

Қолдану тәсілі және дозасы

Ересектерге әдетте 1-2 капсуладан тәулігіне 2-3 рет тағайындайды.

Ұйқысыздықта препарат дозасы ұйқыға жатардан бір-екі сағат бұрын 1-2 капсуланы құрайды.

Әдетте емдеу курсы тиімсіз болғанда, 2-4 аптаға созылады. Емдеуді жалғастыру туралы мәселені шешу үшін дәрігердің кеңесі талап етіледі. Қажет болған кезде курсты қайталауға болады.

Жағымсыз әсерлері

Сирек:

  • аллергиялық реакциялар

  • жүрек айну, асқазанның түйілуі

  • іш қату (ұзақ уақыт қолданғанда)

  • енжарлық, жабырқау, әлсіздік, еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі (жоғары дозада қабылдағанда)

Қолдануға болмайтын жағдайлар

  • препарат компоненттеріне жоғары сезімталдық

  • депрессия, орталық жүйке жүйесінің бәсеңдеуімен қатар жүретін аурулар

  • жүктілік және лактация кезеңі

  • 18 жасқа дейінгі балаларға.

Дәрілермен өзара әрекеттесуі

Препаратты орталық жүйке жүйесінің қызметін төмендететін дәрілік заттармен бір мезгілде қолданған кезде Вамелан олардың әсерлерін күшейтеді.

Айрықша нұсқаулар

Препарат қабылдауды тоқтатқан кезде тоқтату синдромы дамымайды.

Препаратты ұйқы бұзылуының және жүйке қозғыштығының жеңіл түрлерінде қолданады.

Жүктілік және лактация кезеңі

Препаратты жүктілік және лактация кезеңінде қолдану ұсынылмайды.

Дәрілік заттың көлікті немесе қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ету ерекшеліктері

Емделу кезеңінде автокөлікті және зейінді жұмылдыруды және психомоторлы реакциялардың шапшаңдығын қажет ететін қауіпті қызмет түрлерін басқарған кезде сақ болу қажет.

Артық дозалануы

Симптомдары: жағымсыз әсерлердің күшеюі

Емі: асқазанды шаю, қажет болған кезде симптоматикалық ем.

Шығарылу түрі және қаптамасы

15 капсуладан ПВХ/ПВДХ үлбірден және алюминий фольгадан жасалған пішінді ұяшықты қаптамада.

2 пішінді ұяшықты қаптама мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылған қолданылуы жөніндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапшаға салынады.

Сақтау шарттары

15оС-ден 25оС-ге дейінгі температурада сақтау керек.

Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!

Сақтау мерзімі

3 жыл

Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Босатылу шарттары

Рецептісіз

Өндіруші

П.П.Ф. «ХАСКО – ЛЕК», С.А, Польша

51-131 Вроцлав, Жмигродзка к-сі, 242 Е

«УОРЛД МЕДИЦИН» үшін өндірілген, Ұлыбритания

Тіркеу куәлігінің иесі

Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан өнім (тауар) сапасына қатысты шағымдарды қабылдайтын ұйымның мекенжайы

Алматы қ., Сүйінбай к-сі 222 Б

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *